Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын жүзеге асыру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Құрметті отандастар!

Қадірлі депутаттар және Үкімет мүшелері! 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-шы бабына сәйкес VIIІ шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялаймын. 

Құрметті депутаттар! 

Баршаңызды кезекті сессияның ашылуымен құттықтаймын! Жауапты қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Көктемдегі сайлаудан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттар құрамы айтарлықтай өзгерді. Саяси партиялардың фракциялары, бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады. 

Депутаттарымыз жазда да көп жұмыс атқарды. Небәрі екі айда 1200-ден астам елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесті, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Мен баршаңызға табысты қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа сессияда жұмыс қарқыны бұдан да жоғары болады деп ойлаймын.

 

Құрметті отандастар!

 

Баршаңызға мәлім, мен жыл сайын халыққа Жолдауымды Парламент сессиясының ашылуында жариялаймын. Бүгінде бұл жақсы дәстүрге айналды. Мұның айрықша мәні бар.

Себебі дәл осы сәтте және дәл осы жерде билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосады. Алдағы орта мерзімдік жұмыстың бағыт-бағдары айқындалады. Нақты тапсырмалар беріледі, жаңа міндеттер жүктеледі. Парламент, Үкімет және басқа да құзырлы органдар тың қарқынмен іске кіріседі. Бір сөзбен айтсақ, мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін бұл іс-шара өте маңызды.

Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. 

Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады.

Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.

Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.

Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды.

Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет.

Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті.

Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.

Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.

Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.

Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады.

Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.

Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай. Сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.

Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.

Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын.

Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет.

Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. 

Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. 

Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.

Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды.

Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет.

Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз.

Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек.

Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз.

Мен былтыр қолданыстағы жүйенің бітпейтін дау-дамай, жұмыстың ұзақ мерзім, ашық еместігі сияқты түйткілді мәселелерін шешу үшін жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырдым. Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізуі керек.

Бір жағынан жаңа жүйе еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетілуін және ең бастысы, қордаланған мәселелердің бюджеттен қаржыландыру арқылы шұғыл шешілуін қамтамасыз етуге тиіс.

Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер толық автоматтандырылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет «басынан бақайшағына дейін» жасау тәсілі енгізіледі.

Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз еткен жөн.

Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс.

Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті.

Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек.

Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек.

Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс.

Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек.

Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі.

Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жобаларды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау және толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы екі есе азайту керек. Қазір еліміздің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу.

«Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек. Өзінің осы саладағы әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады.

Біз жыл соңына дейін саланы дамытуға қатысты нақты ұстанымымызды анықтап алуға тиіспіз. Өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдің және еліміздің инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босатқан жөн. Бұл – өңдеу индустриясына айтарлықтай серпін беруге арналған өте маңызды шара.

Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады.

Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет.

Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.

Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек.

Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жалғастырған жөн.

Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетіледі.

Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.

Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.

Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.

Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.

Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс.

Келесі мәселе. Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес.

Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады.

Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады.

Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды.

Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек.

Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады.

Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет.

Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды.

Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек.

Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет.

2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс.

Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті.

2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек.

Сутегіден қуат өндіру ісін дамыту қажет. Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті.

Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек.

Жетекші экономикалар үшін «жасыл» қаржы тарту ісінің маңызы арта түсуде. Өткен жеті жылда жер жүзінде «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаражат жұмсалды. ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне айналды. Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс.

Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер.

Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.

Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек.

Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз.

Келесі мәселе. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.

Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.

Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.

Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.

Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.

Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

Халқымыз «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. 

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын.

Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану.

Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.

Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс.

Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар.

Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет.

«Бақты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі.

Іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ, еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз.

Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған  біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет.

«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет.

Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс. Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы қажет.

Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек.

«Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет.

Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек.

2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет.

Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.

Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.

Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер.

Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. 

Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз.

2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек.

Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.

Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек.

Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет.

Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұраймын.

Мен сайлау алдындағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды.

Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн.

Венчурлық қаржыландыру тәсілі инновациялық жобаларды іске қосуға қажетті негізгі қаражат көзі болуға тиіс. Сондықтан жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін құқықтық және қаржылық мәселенің бәрін шешу қажет.

Келесі. Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды.

Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн.

Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия.

Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес.

Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.

Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет. Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни кретивті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек.

Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын.

Енді орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталғым келеді. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді.

Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек.

Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.

«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек.

Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн.

Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда, KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн.

Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс.

Біз сауда-саттықты өркениетті жолмен жүргізу үшін тауар биржаларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасадық. Алайда реттеу жұмысының тиімділігі төмен болғандықтан, біреулердің ырқынан шықпайтын тауар биржалары пайда болды. Олар бәсекелестікті жоятын, импорттың және өнімсіз делдалдықтың пайдасы үшін сатып алу рәсімдерін айналып өтетін орындарға айналды. Реттеу талаптарын күшейтіп, айтылған кемшіліктерден түгел арылу қажет.

Сонымен бірге сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды.

Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Қазір монополияға қарсы органның заңсыздықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдайтын мүмкіндігі жоқ. Монополияға қатысты істердің үштен екісінде тергеу басталмай жатып, сотқа шағым түседі. Ал соттағы дау-дамай жылдарға созылуы мүмкін. Соның кесірінен құзырлы мекеменің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан Үкімет Парламентке тиісті заңнамалық түзетулер енгізуі керек.

Келесі маңызды мәселе – мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту. Қазір жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар активтер мемлекетке қайтарылуда. Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек.

Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет. Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек.

Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс. 

Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет.

Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін.

Келесі мәселе. Біз макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керек. Мен жаңа ғана экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық. Бұл – аксиома. Қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керек.

Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. 

Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді.

Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды.

Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды.

Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет.

Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді.

Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр. Соған сәйкес заңдарға түзетулер әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі. Депутаттардың оны мұқият қарауын сұраймын.

Сонымен бірге банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керек. Банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. Мұның оңай еместігін, күрделі мәселе екенін түсінемін. Үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде осы маңызды мәселеге қатысты өздерінің кесімді байламын айтуды тапсырамын. 

Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын.

«Ұзақ мерзімге арналған қаражат» нақты секторға барынша қолжетімді болу үшін бірлескен және синдикатталған несие беру тәсілін кеңінен қолдану керек. Сондай-ақ өнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы қажет. Олар экономикамызды іс жүзінде әртараптандыруды қамтамасыз ететін сапалы жобалар ұсынуға тиіс. Коммерциялық банктердің қызығушылығын арттыру үшін олар стратегиялық жобаларды қаржыландырған кезде даму институттарының кепілдігін беру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн.

Жалпы, нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет.

Экономиканы қаржыландыру көздері жайлы сөз болғанда Ұлттық қордың қаражатын пайдалану қажеттігі туралы жиі айтылады. Сарапшылар Қордың жинақтау және дамыту рөлінің арақатынасы жөнінде дауласып жатады. Әрине, қаржыны жинақтап, сақтау негізгі міндет болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражаты күтпеген сын-қатерлерге тап болған жағдайда қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге едәуір кепілдік береді.

Дегенмен Қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады. Тіпті, қазірден бастап соған жұмсау керек.

Ұлттық қор әлден-ақ бірқатар ірі жобаны қаржыландырылып жатыр. Алайда сол жобаларды іріктеу ісінде жүйелілік жетіспейді. Сондықтан Ұлттық қордың әрбір теңгесі айтарлықтай пайда әкелуі үшін барлық ұсынысқа жан-жақты сараптама жасалуын қамтамасыз ету қажет. 

Капиталды қайтару туралы заң аясында құрылып жатқан қор «ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі бола алады. Түскен қаржының бәрі елдік мәселелерді шешу үшін барынша тиімді және ашық жұмсалуға тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту. Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет.

Төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау да өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі – жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырамын.

Енді тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюджет саясатына тоқталайық. Мен былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені басқару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі.

Сонымен бірге бюджет саясатының тиімділігін арттыру үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктер мен тәсілдерді пайдалану қажет. Сондықтан Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсырамын.

Келесі. Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек.

Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті.

Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру.

Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық).

Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Мен бұдан бұрын экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралау туралы айтқан едім. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді.

Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек.

Салықтық әкімшілендіру мәселесіне келсек, фискалды органдар мен салық төлеушілердің қарым-қатынасын қызмет көрсету үлгісіне көшірген жөн. Басты мақсат жазалау емес, ескерту болуға тиіс.

Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту қажет. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады.

Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді. Сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдеткен жөн.

Салық саясатын қайта қарап, өзгерту үшін Үкімет пен Парламент батыл әрі жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауы керек.

Тағы бір мәселені атап өту қажет. Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс.

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты.

Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар.

Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану.

Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз.

Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін.

Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе.

Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.

Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.

Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.

Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек.

Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.

Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.

Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет.

Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.

Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр.

Келесі. Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді.

Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек.

Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты.

Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай.

Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе.

Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс.

Үшіншіден, Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады.

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау жұмысын да қайта қарауымыз керек. Бұл – жұртшылықтың сұранысы. Басқаша айтқанда, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады.

Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн.

Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз.

 

Қадірлі отандастар!

Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды.

Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз.

Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет.

Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе.

Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз.

Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді.

Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз.

Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады.

Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды.

Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз.

Жалпы, әлемдегі ахуалдың күрделі екенін көріп отырсыздар. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз.

Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.

Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.

Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.

Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды.

Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.

Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.

Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын.

Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!

 

 

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ»

2022 жылғы 16 наурыз

Қымбатты отандастар!

Қадірлі қауым!

Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы  айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да  бөлек. Біз  алдымызға  биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік.

Баршаңызға мәлім, былтыр  егемендіктің маңызды белесіне жеттік. Тарихи өлшеммен қарағанда  30 жыл  тым көп уақыт емес. Халқымыз  Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы кезеңде ауқымды жұмыс атқарды, көптеген табыстарға қол жеткізді.  

Алайда, береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік  қаншалықты маңызды екенін жете түсінді.

Біз  мызғымас бірліктің арқасында  мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. 

Мен  қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде  жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде  халыққа арнап  бірнеше  үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп, азаматтарымызға жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным. 

Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз.

Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз.

Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, елді адастырады. Сондықтан өткен оқиғалар туралы нақты мәліметті жариялап, оған баға беру өте маңызды. Тіпті, қасиетті парызымыз деуге болады. Жұрт оның астарына үңіліп, себебін терең түсінуі қажет.

Күні кеше ғана Парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтті. Онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берді. Турасын айтқанда, мұндай кең ауқымды талқылау  ешқашан болмаған. Депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға  жауап берілді. Бұл қаңтар оқиғасына  әділ баға беруге, ең алдымен, биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен  мұны толық қолдаймын, біз ақиқатты айтуымыз керек.  Бұл – менің жеке қағидатым.

Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын.

Қасіретті қаңтар оқиғалары мен одан кейінгі төтенше жағдай кезінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін екі мыңға жуық адам ұсталды. Мен сол кезде Бас прокуратураға олардың қандай кінәсі барын анықтауды және ауыр қылмысы болмаса, жазасын жеңілдетуді тапсырдым. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар қамаудан босатылды.

Ал, нағыз қылмыс жасаған адамдар заң алдында толығымен жауап береді. Басқаша әрекет ету, яғни, бедел жинау үшін байбалам салып, қосақ арасында жүргендер мен арандатушыларға жеңілдік жасау – жазықсыз құрбан болған жандардың аруағын сыйламау деген сөз.    

Бірнеше жүз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталған адамдарды тергеу барысында тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны, тіпті оларды азаптағаны туралы фактілер болғанын ашық айттық. Орта ғасырлардан қалған осындай жабайылық кез-келген өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді. Бұл – біз үшін де мүлде жат қылық. Мұндай сорақы оқиғалар болғаны жайлы айтыла бастаған сәтте-ақ, мен оны мұқият тексеруді тапсырдым.

Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты. Құқық қорғаумен айналысатын азаматтар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері оқшаулау орындарына кедергісіз кіріп, қаңтар оқиғасына қатысушылардың қамаудағы жай-күйімен танысты, олардың шағымдарын қарады.  

Омбудсмен және беделді заңгерлер жетекшілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстанымдарын қорғады. Мұндай жұмыс тәсілі тергеу үдерісінің ашық және демократиялы екенін көрсетті, әрбір өтініш пен арыз-шағымды жеке-жеке қарауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде заңға қайшы үкім шығару ықтималдығы едәуір азайды.  

Азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық орнататын тәжірибе біздің елімізде берік орнығуға тиіс. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қоғам белсенділері мен заңгерлерге азаматтық ұстанымы және біліктілігі үшін ризашылығымды білдіремін.  

Қазір алдын-ала қорытындылар дайын. Біз теріс пиғылды адамдардың  мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте, бүлікшілер  не үшін мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы – айдан анық.

Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды.

Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер  мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер  өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді.

Шын мәнінде, бұл мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ, қастандық жасаушылардың арам пиғылы іске аспады. Мен  ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым.

Бабаларымыз  «Іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаған. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы  жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін  ойларына келген барлық тәсілді қолданды. 

Соның салдарынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болдық. Бұл қадам  ішкі және халықаралық нормаларға сай жүзеге асырылды. Бітімгершілік күштері елімізде бір де бір оқ атқан жоқ. Стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін ғана  қамтамасыз етті. Бұған  алдын-ала жасалған келісімнің нәтижесінде қол жеткіздік. Жағдай тұрақтанған соң, екі аптадан кейін олар Қазақстаннан толық шығарылды.

Бұл – көптарапты қарулы контингент, оның құрамында  Қазақстан да бар. Бітімгершілік миссиясының маңызды рөлін  жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, түптеп келгенде, біз  содырларды  өз күшімізбен жеңдік.

Осы орайда, бір мәселеге жеке тоқталғым келеді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін.

Сондай-ақ, азаматтарымыз  ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамын.

Осы күндерде халқымыз кез-келген қауіп-қатерді жеңе алатын  біртұтас ел екенін танытты. Отаншылдық рухының арқасында қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалды.

Шын мәнінде, қаңтар оқиғалары мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болды. Біз  жардың шетінде тұрдық. Бір қадамды қате жасасақ немесе батыл әрекет етпесек, мемлекетіміз құрдымға кететін еді.

Күштік құрылымдар мен олардың сыбайластарының өзара ымыраласуына қатысты іс бойынша тергеу құпия жағдайда қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдымызда куәгерлерден жауап алу, сараптама жасау және түрлі мәліметтерді зерделеу сияқты қыруар жұмыс бар.   

Бір нәрсені нақты айта аламын: қаскөйлер мұқият ойластырылған ауқымды операция ұйымдастырды. Олар халқымыздың және шетел қоғамдастығының алдында мемлекеттің жоғары басшылығының абыройын төгіп, биліктен тайдыруды көкседі. Кәсіби дайындықтан өткен содырларды өз мақсатына жету үшін еш тартынбастан пайдаланды. Оларға еліміздің ең ірі шаһары – Алматыны күл талқан етуді, жұртты әбден үрейлендіріп, дүниеден біржола түңілдіруді, елдегі ахуалдың быт-шытын шығарып, бей-берекет қылуды тапсырды.   

Сондықтан кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады деп уәде беремін.  

Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа  амал қалған жоқ. Мен ең шешуші сәттерде елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік борышым.

Құрметті депутаттар!

Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.

Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында  қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық. Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты.    Дегенмен, жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенділер демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды.  

Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс.

Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс.

Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. 

Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. 

Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісті.  Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады.  

Қасіретті қаңтар күндерінен кейін көптеген адамдар «бәрі кері кетеді, билік жаңғыру қарқынын бәсеңдетеді деп ойлады. Бірақ, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Керісінше, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз.   

Мен бүгін ұсынып отырған бастамалар қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған. Ашығын айтайын, маған «асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық» деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер де болды. Олар қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар деді.      

Енді біреулер геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде елді «горбачевтік қайта құрудағы» сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптерін айтты. Бірақ, мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз.

Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті.  Мен соңғы екі айдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде, ең алдымен, жүзеге асыру қажет болатын міндеттерді айқындап бердім.

Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген.   

Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы Сот және беделді сарапшылардың ұсынымдары  назарға алынды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осы тақырып бойынша пікірталас өтті. Құжатты әзірлеу кезінде  зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да мұқият зерделенді.

Жалпы, ұсынылып отырған реформаларды біздің қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге болады. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді.  

Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді.

Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды.

Қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан, біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар. 

Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз.

Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.

Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату  өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.

Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек.    

Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.  

Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз.    Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын.   

БІРІНШІ. Президенттің өкілеттігі туралы

Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс.

Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ.  Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.  

Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн.  Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. 

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да  заңнамаға енгізген жөн.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім. 

Біз қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. 

Қай елде болса да, тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.  

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын.

Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.

Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.  

ЕКІНШІ. Өкілді билік тармағын қайта құру

Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет.

Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне  белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. 

Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды.  Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек.

Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.

Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын.

Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар.

Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн.    

Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын.  Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет.

Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент  республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет.       

Осы орайда Есеп комитетінің орнына  Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі.

Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн.  

Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі парламенттік мәдениеті жоғары және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

ҮШІНШІ. Сайлау жүйесін жетілдіру

Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын  конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды.

Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да  сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір  жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде  барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.       

Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде  сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.

Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы.  

Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.    

Императивті мандатқа көшу де  депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің  тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.

Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін. 

ТӨРТІНШІ. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту

Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек.    

Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.

БЕСІНШІ. Сайлау үдерісін жаңғырту

Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін  тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге, коронавирус індеті де әсер етуде.   

Көптеген елдер  дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн. 

Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ, әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын.

Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады.  

Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын. 

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да  маңызды рөл атқарады. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгені  белгілі. Осыған байланысты сайлау науқаны  бүкіл еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды.

Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін  қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз  бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау  барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды.

Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің араласуына қандай да бір мүмкіндік бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек.

АЛТЫНШЫ. Құқық қорғау институттарын күшейту

Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.

Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын  Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. 

Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам  өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  мұндай орган  Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме  тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.

Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.

Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал,  былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды.

Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын.

Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі.  

Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады.

Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын. 

Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар  заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. 

Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.

Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде. Бұл ретте, Жоғары сот кеңесі  маңызды рөл атқарады. Осы құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. 

Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары сот кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мұндай конкурстардың қорытындыларын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отырған жөн.

Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің  санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді. 

ЖЕТІНШІ. Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту

Бұқаралық ақпарат құралдары  бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс.   

Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. 

Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды.

Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын.

Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек.

Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді.

Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді.

Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды.  

Біз  елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның  саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты  сын айтқан болатынмын. Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек.        

Биыл  менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз  ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді  бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған.    

Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз  бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады.

Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады.

Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады.

СЕГІЗІНШІ. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру

Сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын ескеру керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  бірнеше облыс біріктірілді. Оның  сол кездегі саяси және экономикалық ахуалдан туындаған өзіндік себептері болды.

Қазір  Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал  мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де  бөлек.

Мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына  тікелей байланысты. Мен  бұл мәселеге  2019 жылғы Жолдауымда  кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным  әрдайым  өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы  өте маңызды. Бұған дейін Шымкент  республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы  Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та, дұрыс қадам болды. Оны  халық  өте жылы қабылдады. Мен  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім.

Содан бері  азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті.  Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен  бүгін  бірқатар бастама көтергелі отырмын. 

Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені  аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде  Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені  қайта жаңғыртуға тиіспіз. 

Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.

Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың  төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар  осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз  Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.

Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу  оңай емес. Облыс орталығына бару үшін  халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын  екіге бөлуді ұсынамын.

Бұл өңірде  Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.

Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде  тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді.

Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді. 

Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының ерекше мәні бар. Біз  ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы  халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын.

Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі. Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру.

Билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және  азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет.  

Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қазақстандықтардың қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн.

Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет.

Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді.

Сондай-ақ олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керек.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою маңызды қадам болмақ. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, берілген тапсырмаларды жүзеге асыру тәсілдерін пысықтауды және соның бәрін «Өзін-өзі басқару туралы» заңды әзірлеу кезінде ескеруді тапсырамын. Сонымен қатар бұл саладағы халықаралық базалық құжат болып саналатын Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажет. Бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамыту, масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

ОНЫНШЫ. Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы

Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар.

Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы.

Соңғы кездегі оқиғалар теңге бағамына орасан зор қысым жасалғанын көрсетті. Мұны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Валюта нарығындағы тұрақсыздық жұрттың үрейленуіне, капиталдың елден шығарылуына, трансшекаралық «жасырын» ақша аударылымдарына байланысты болып отыр. Сондықтан, қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет.

Алдыңғы күні мен валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін жарлыққа қол қойдым. Ірі институционалдық құрылымдар шетел валюталарын тек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау аясында ғана сатып алып, сұранысты қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттің қатысуымен экспорттық валюта түсімдерін сату көлемін арттыру мәселесін пысықтаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтемін.

Екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуге тиіс. Банктердің осы талаптарды сақтауына қатаң бақылау жасаған жөн. Нарықтағы алаяқтық әрекеттер ешқашан да қорымыздағы қаржыны орынсыз «жаратуға» түрткі болмауға тиіс.  

Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы керек. Жалпы, ұтымды шешімдер қажет. 

Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін.

Осыған орай, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады. Бірақ, көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс. Шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық.

Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет.

Алмағайып өзгерістер жағдайында мемлекеттік аппарат ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етуге тиіс. Шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмейді. Қазір толықтай жұмылуымыз қажет. Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте  қабылдануға тиіс.

Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа сол сәтте талдау жасайтын, сондай-ақ нақты шұғыл шаралар әзірлейтін Ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек. Еліміздің дамуын мейлінше тежейтін шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет. Оның ауқымы ұлғайғаны соншалық, көптеген мемлекеттік құрылымдар өзін тек сонымен ғана байланыстырады.

Жақын уақытта мен Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы жарлыққа қол қоямын. Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналады. Сонымен қатар, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеуге жедел кіріскен жөн.

Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс. Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.

Құрметті отандастар!

Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.

Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау – едәуір уақыт алатын күрделі жұмыс. Сондықтан, оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ, ішкі-сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек.

Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік. Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. 

Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал  Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда  жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.

Біз  әр шешімді мұқият саралап, әр істі  байыппен жасауға тиіспіз.Отаншылдық рухы жоғары ел  көздеген мақсатына  қалайда жетеді.

Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді?

Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады.

Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға  сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз.  

Маңызды шешімдер  жұртшылықтың қатысуымен  ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет  әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе  әрдайым жоғары бағаланады.

Мен жаңа Қазақстанның  осындай ел болғанын қалаймын. Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті  әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам  жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз  түбегейлі жаңаруға тиіс.

Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс  бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген  жанашырлықты талап етеді. 

Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін.

*  *  *

Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Сондықтан мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек. Негізгі міндет – осы!

Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.

Қазір саяси баррикадалар орнатып, әр мәселеге бола митинг өткізетін, күмәнді шешімдерге итермелеп, жөнсіз талап қоятын, міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлерінің жағасына жармасатын уақыт емес. Осының бәрі халқымыздың әлем қауымдастығы алдындағы абыройын төмендетеді. «Қасіретті қаңтар» оқиғалары еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіргенін мойындауымыз керек.

Бейберекет саяси реформалар мемлекетті әлсіретіп, оның егемендігі мен тұтастығына зор залалын тигізуі мүмкін. Әлемнің арғы-бергі тарихында өз аумағының ауқымды бөлігінен айырылған, астаң-кестеңі шығып, берекесіздікке ұшыраған елдер туралы мысал жетіп артылады. 

Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған. Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз. 

Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады.

Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз. Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз. Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз.

Біз осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз. Осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолымызбен жасаймыз. Біз кез-келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанымыздың қуатын бірге арттырамыз деп сенемін.

Сөзімнің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін  бақытты өмір сүргенін қалаймын.

Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі  бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде  Қазақстанымыз бізден басқа  ешкімге керек емес. Сондықтан, маған  елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ.

Мені  ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны  толғандырады. Қызметіме  түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін  аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!

Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін  киелі парыз.

Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды  бірге өркендетейік, ағайын!

Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (ZIP 57 Kb)

Қазақстан Республикасының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 02 қыркүйектегi Жолдауын асыға күттiм және бастан-аяқ ықыласпен тыңдадым

Қасым-Жомарт Кемелұлы елiмiздiң алдындағы жаңа сапалы кезеңге жүйелi реформалар арқылы жетудi түйiндей келе, сайлау алдындағы уәдесi орындайтынын айтты. Тәуелсiз Қазақстанның алдында саяси және табысты экономикалық реформаларды жүргiзу саяси жаңғыру арқылы жүзеге асатынын тiлге тиек ете отырып, көп ұлтты елiмiзде үнемi басшылық пен халық арасында диалог қажеттiлiгiне тоқталды. Сол бағытта халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын Кеңес құрылып, болашақта кадр мәселесi, қоғамдық келiсiмдi нығайту айтылды.

Маған ең ұнағаны Президенттiң митинг туралы сөзi болды. Митингке шығуды заңдастыру және оны орталық аудандарда өткiзiп, халыққа қысым жасауды қысқарту, заң қызметкерi жазалаушы емес, халыққа достық көз қараста болу қажеттiлiгi туралы тұжырымдары өте дұрыс деп есептеймiн.

Сонымен қатар Президент жастар мәселесiне, балаларға көп көңiл бөлдi. Жастарға кәсiби бiлiм беру, техника саласында мамандар даярлау, жұмыспен қамтамасыз ету, бұқаралық спортты дамыту туралы мәселелер көңiлiмнен шықты және де Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жер сатылмайды» деген сөзi көңiлдегi күдiктi ысырып, қуаныш ұялатты.

Болашақта осы Жолдауды берiлген нақты тапсырмалардың толық орындалуына үмiттенемiн.

Рамазанова Г.М.
Благовещенка ауылының тұрғыны, зейнеткер

Бiз Елбасының өткен жылдардағы әр жолдауынан жақсы өзгерiстердi күтiп отырамыз.

Елiмiздiң екiншi Президентi — Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауынан, үмiтiмiз үзiлген жоқ. Керiсiнше, бiз үкiметке, мәжiлiсмендерге жүктелген нақты мiндеттердi аса назармен қарап отырдық. Қателеспедiк. Мемлекеттiң бiзге қамқор екенiн бiлу — болашақта айқын мақсаттар, қауiпсiздiк пен нақты тыныштықты көрудi бiлдiредi.

Президенттiң ең резонансты нұсқауларының бiрi: микро және шағын бизнес компаниялары 3 жылға негiзгi қызмет түрлерiне салық төлеуден босатылады, 2020 жылдың қаңтарында микро және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексеруге үш жылға тыйым салу туралы шешiм күшiне енедi делiнген.

Мемлекеттi нығайту, отандық бизнестi қолдау, халықты әлеуметтiк қорғау, экономикалық даму мәселелерiне тоқталды. Азаматтық қоғамның болашағы туралы маңызды мәлiмдеме жасалды.

Жолдау азаматтардың барлық сын сұраныстарына тез әрi тиiмдi жауап беретiн «Есту мемлекетi» тұжырымдамасын iске асыруға бағытталған.

Зейнетақы мәселесi бойынша тағы бiр жаңалық. Мемлекет басшысы жыл соңына дейiн Үкiметке жұмыс iстейтiн азаматтардың зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн, мысалы үй сатып алу немесе бiлiм алу үшiн мақсатты пайдалану мәселесiн пысықтауды тапсырды.

 Кәсiпкерлер сұраған тағы бiр шешiм. 5% қосымша зейнетақы жарналарын енгiзу 2023 жылға дейiн кейiнге қалдырылады. Осы уақыт iшiнде келiсiлген шешiм табу ұсынылады.

Роза Жанова, «Жамбыл ауданының кәсiпкерлер одағы»
қоғамдық кеңесiнiң төрағасы

Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына 2019 жылдың 2 қыркүйектегi жолдауына пiкiр

Жолдау болатынын ертерек естiгенiмде жаңа Президент қандай мәселенi көтерер екен деген ой бiраз мазалады. Менiң ойымда жүрген сұрақтар қамтыла ма екен деп те ойладым. Үмiттенген сұрақтар қамтылмаса да, Президенттiң жолдауы ойымнан шықты, ел болашағы мен халықтың болашағына байланысты көп сала қамтылды десем болады.

Жолдаудың басында Президентiмiз Қоғам, Азамат, Құқық тақырыбына байланысты мәселелердi көтердi. Жiберiлген, жинақталған мәселелердi сараптап нақты тапсырмалар бердi.

Менiң ойымша, әрбiр қамтылған тақырып маңызды болды. Экономика, құрылыс, баспана, әлеуметтiк отбасылар, бiлiм саласы, жастар мен әлеуметтiк отбасыларды еңбекпен қамту, бақытты отбасы бағдарламасына өзгiрiстер еңгiзуi, жергiлiктi билiк басқарудың жұмысының тиiмдiлiгiн сауалнама арқылы анықтау жобасының, құқық қорғау мекемелерiне қойылған талаптар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы жағдайы, ауыл шаруашылыққа қолдауы, шағын және орта бизнестi қолдауы және басқа мекемелерден қорғауға алу маңыздылығы және тағы басқа айтылған тақырыптар мемлекеттiктiң нығаюына өте маңызды деп ойлаймын.

Қазақстанның болашағына жанашыр адамдарды ат салысуға шақыруы өте орынды. Жолдаудың соңында ұлттық тiлде айтқан сөздердi шынайы ойы екенiн, жүректен шыққан сөздерi деп қабылдадым.

Тiлегiм, жыл өте осы жолдаудың тапсырмалары орындалды деп қуансақ екен, онда ол Президенттiң беделi — ел қуанышы болар едi.

Гайдар Абдрешев, ауған жауынгерi, мұғалiм

Президенттiң Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы, бiз, Жамбыл ауданының тұрғындары, үнемi қуаныш пен үмiтпен күтемiз, әр кезде Нұрсұлтан Әбiшұлы жаңа көкжиектер ашып, жаңа үмiт бередi. Хабарламаның әр жолы Қазақстан халқының барлық мәселелерiне шексiз назар аударумен, түсiнуiмен және қайырылымдық толтырылады. «Халықтың әл-ауқатының өсуi — қазақстандықтардың басты басымдығы», — деп атап өттi Елбасы, ол тұрақтылық табысы мен өмiр сапасына байланысты. Бүгiнгi күнi медицина алға қадам жасағанына қарамастан, оның кемшiлiктерi бар. Бiздiң ауруханамызда сапалы медициналық қызмет көрсету үшiн жеткiлiктi медициналық жабдықтар бар. Биылғы жылы мобильдi флюрограф сатып алынды.

Аталған тапсырмаларды орындау мақсатында, денсаулық сақтау саласының сандық жүйеге көшу, ақпараттандыру жүйесiне өтудiң пилоттық жобасы мәселесi бойынша Жамбыл аудандық орталық ауруханасы өз жұмыстарын амбулаторлық карталарды электронды пiшiнге ауыстырудан бастады. Электрондық амбулаторлық карталар жергiлiктi желiде орналасқан және оған басқа медициналық мекеме дәрiгерлерi де еркiн кiрiп, қол жеткiзе алады. Бұл қадам қағазбастылық мәселесiн азайтады.

Ел Президентiнiң қойған барлық тапсырмалары шешiлетiнiне сенiмдiмiн, өйткенi бiзде бұл үшiн ұмтылыс бар.

Сауле Хаирова — Жамбыл аудандық орталық ауруханасының емхана меңгерушiсi

Мақсат айқын, жолымыз дұрыс

Үстiмiздегi жылдың қазан айының 5-ншi жұлдызындағы тiкелей эфирден берiлген Елбасының «Қазақстанның әл-ауқатының өсуi: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауын үлкен қызығушылықпен тыңдадым.

Елбасы ел экономикасындағы әрбiр салаға жеке-жеке тоқталып, жетiстiгi мен кемшiлiктердi атап өттi. Әсiресе «Бөрте-Милка» ЖШС, «Атамекен-Агро», «Байсерке-Агро», Солтүстiк Қазақстан облысындағы «Зенченко» шаруашылығындағы жеткен жетiстiктердi, яғни сүт өндiрiсiнiң екi есе, астық өндiрудегi бес жылда 2,7 есе, яғни гектарынан 32 ц. Өнiм алу, тамшылап суару әдiсi арқылы жүгерi өнiмiнiң 3-4 есе өсуi, «Зенченко» шаруашылығындағы жемiс-жидектердiң, астықтың барлық түрiнiң өсiрiлiп, одан мол өнiм алу мүмкiндiгiне тоқтала келе, сол жетiстiктердi басқалардың да үйренiп, өз тәжiрибесiне алу қажеттiгiн баса көрсеттi. Жалпы қазақстандықтарды жаңа стандарттар мен жаңа технологияларға, ғылым салалары бойынша жаңалықтарға үйрету қажеттiгiн айтты. Банк секторы, кредит, шағын және орта бизнес туралы мәселелерге көңiл бөлдi.

Маған осы жолдауда өте ұнағаны, 2019-2021 жылдарда елiмiзде мектептер салуға елу млрд. теңге бөлiнетiнi. Бұл елiмiздегi бiрден-бiр шешiмiн табуды қажет етiп отырған мәселе екендiгi даусыз. Сонымен қатар Елбасының ЖОО бiтiрген студенттер яғни жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету, осы орайда студентке сапалы бiлiм бермейтiн оқу орындарын қарастыру туралы айтқан пiкiрi де көңiлге қонымды. Ұстаздар туралы, олардың басы артық жұмыстармен айналыспай, өз жұмысы — оқушыға бiлiм берумен айналысу қажеттiгi туралы айтылған пiкiрiн де қолдаймын. Осы бiлiм саласына қатысты бөлiнген қаржыны да дұрыс жұмсау туралы сөз болды. Қаржыны жабылайын деп жатқан ауылдарға емес, урбанизация жүргiзiлiп жатқан жерлерге, жасы үлкендермен, бiлiмi мен көрегендiгi барлармен өзара ақылдаса отырып жұмсау қажеттiгi айтылды. Ауыл, аудан аралық, қала аралық жол мәселесi туралы айтылған ойлар да көңiлге тұшымды. Экология, елдi ауыз сумен қамтамасыз ету, қуатты техника мәселесiне тоқталған Н.Ә.Назарбаев елiмiздегi туризм мәселесiне де көңiл бөлiп өттi. СҚО —дағы Шалқар, Айыртау өңiрлерiндегi туризмдi дамыту мәселесiне де қуандым. Облысымыздың одан әрi көркеюiн әрине, бiз де қалаймыз.

Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады.

Ендеше болашақтан күтетiн үмiт зор, мақсатымыз айқын, жолымыз дұрыс деп бiлемiн!

Благовещенка селосы
Рамазанова Гүлшат Мүсiлiмқызы.

Ел Президентiнiң Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы Республиканың кез-келген азаматы үшiн маңызды оқиға болып табылады. Әр адам өздерi үшiн басты бағытты табады. Бұл жолдау — өткен жылдарда баяндалған мiндеттердiң орындалуы. Бұл нақты практикалық мәселелердiң бағдарламасы, әрине, барлық қазақстандықтарға қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық және отандық проблемаларға жауап табу, қазақстандықтардың әл-ауқатының сапалы өсуiне бағытталған нақты мiндеттер қойды.

Жоғары оқу орындарын кеңейту, өз кезегiнде, жастарға қолжетiмдi бiлiм берудi, кейiннен әлеуметтiк бейiмделудi, бiлiм беру сапасын арттыруды, оқу процесiне заманауи технологиялар мен әдiстердi енгiзудi бiлдiредi.

Президент 2019 жылды жастар жылын жариялағанына қуаныштымын!

Мен Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқының болашақ дамуында маңызды рөл атқаратынына сенiмдiмiн және менiң ойымша, осы Жолдауды басшылыққа алатын ел, 2050 — Стратегиясын iске асыруда үлкен жетiстiкке жетедi деп сенемiн.

Мұрат Мырзажан — «Жамбыл ауданының
белсендi жастар» Корпоративтiк
қорының мүшесi

Қазан айының 5-нші жұлдызындағы тікелей эфирден берілген Елбасының «Қазақстанның әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауына пікір

Елбасы алғашқы жолдауын өткен жылдың атқарылған жұмыстарынан бастады және ол жұмыстар Қазақстан елiнiң әл —ауқатын көтеру үшiн жасалғаны туралы айтты.

Елбасы үкiметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны 1,5 пайызға көтеруiн атап өттi. Тағыда алда атқарылатын бiршама жұмыстар тапсырды.

1. 2010 жылы «Жол картасы2020» бағдарламасын 2025 жылға созуын тапсырды және орта және кiшi бизнестi дамыту керектiгiн атап айтты. Халық мүддесi үшiн атқарылатын жұмыстар болу керектiгiн баса айтты.

2. Iшкi туризмдi дамыту керектiгi туралы сөз қозғалды. Мәдени әлеуеттi пайдалана отырып үкiмет жаңа бағдарлама дайындауын тапсырды. «Баламалы энергетика, биомедицина, блок, жасанды интеллект сияқты бағыттарды дамытуды қамтамасыз ету керектiгi айтылды. Егер бұл бағыттар жасалмаса Казакстан дамуы ешқашан өспейтiнiн басып айтты.

3. Бiлiм саласына да қуанышты жаңалық айтты яғни, келер жылдан бастап «Ұстаз мәртебесi» туралы заң қабылдауын, ұстаздарға сырттан келетiн жұмыстарды азайтуын және 3 айлық оқу проблемасын шешу туралы нақты айтты. Жоғарғы оқу орындардың да балашақта маман дайындағанда Қазақстанға пайдасы тиетiн мамандықтар санын арттыруға баса назар аударуын тапсырды. Үш ауысымды мектептер санын азайтып мектептер салыну үшiн2019-2021 ж 50мың миллиард қаржы бөлiнетiнiң айтты.

4. Медицина саласындағыларға алдағы жылы 20 пайызға жалақыларын көтеруiн тапсырды. Медицина қызметтiн жандандырып сапасын арттыру керектiгi айтылды.

5. «Нұрлы жол», «7-20-25» бағдарламасы бойынша педагогтарға, полиция қызметкерлерiне тағы басқа қызметкерлерге алғашқы субсидиялық қаражат бөлуге болатыны туралы айтты.

6. Елбасы құқыққорғау органдаырының жұмыстарына көңiлi толмайтындығын, келер жылы барлық қызметкерлердi аттестациядан өткiзiп, iрiктеуiн басып айтты.

7. Елбасы басқа министiрлiкте отырғандардың жұмыстарына қанағаттанбайтынын және алдағы уақытта жұмыстарына салғырттықпен қарамай жауапкершiлiктерiн арттыруын басып айтты.

Елбасыны бүгiнгi жолдауда тапсырылған жұмыстары алдағы жылы өз орнын тапса бiздiң халқымыздың әл -ауқатты жақсарып дамыған 30 елдiң қатарына қосылатынына кәмiл сенемiн. Ол үшiн әр адам өзiнен бастауы керек деп ойлаймын және Елбасы өз сөзiн 2019 жылын «Жастар жылы» деп айтып кеттi, себебi елiмiздiң болашағы жастардың қолында.

Благовещенка жалпы орта бiлiм беру мектебiнiң тәрбие iсiнiң меңгерушiсi: Калабаева А. Е.

Елбасының жолдауын мектепке әрiптестер және үлкен сынып оқушыларымен тыңдадық. Жолдау тартымды, тыңдауға қызықты болды. Бұрыңғы Жолдауларда мемлекеттiк кешендi бағдарламалар басым болса, осы жолы қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға бағытталғанын аңғардым.

Бiрiншiден төменгi жалақымен жұмыс iстеп жүрген әрiптестерiм үшiн қуаныштымын, жалақыларының аздығы қиыншылық туғызатын, айтылған шешiм өте орынды.

Жолдаудың форматы да өзгеше болды, жауапты мамандардың пiкiрлерiмен де санаса отыра бағыттар айқындалып, әр салада өзектi мәселелерге нақты шешiм, ұсыныстар айтылды.

Жолдау барысында Елбасы әр салада қазақ елi әлемдегi озық мемлекеттермен терезесi тең болуға бағытталған жұмыстардың орынды екенiн, көш соңында қалмас үшiн жұмысты одан әрi жандандыру қажеттiлiгiн түсiндiре бiлдi.

Ұстаз мәртебесiн арттыру, бiлiм ошақтарын озық бағдарлама бойынша дәрiс беруге көшуге, әлемдiк озық тәжiрибе бойынша жұмыс iстеуге шақырған орынды деп бiлем.

Солтүстiк өңiрдiң сүйсiнетн табиғаты бар деген сөздi Елбасынан естiгенде, туған жерге деген қуаныш, мақтаныш сезiмi ұлғая түседi екен.

Ауыл мәселесi, таза тағам, ұрпақ тәрбиесi мен бiлiмдiгi, туған жер, жастар мәселесi, адам қауiпсiздiгi, бюджеттiк қаржыны үнемдеу және тағы сол сияқты үлкен мәселелердi ел алдына салып айтуы көңiлде жақсы сөздердi ұялатады екен.

Елбасының Жолдауына қуаныштымын, қолдаймын. Айтылған сө сол жерде қалмай орындалса, орындасақ қазақ елiне жан кiрiп, жаңа серпiлiс болар едi. Елбасының жоспары орындалып, Қазақстан беделдi орын алсын.

Абдрешов Гайдар Базарұлы
Айтуар ауылы

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Құрметті қазақстандықтар!

Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік.

Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.

Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік.

Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық.

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды. 

Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, жаңа елордамыз — Астананы салдық.

Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті.

Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық. 

Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды.

Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді.

Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді.

Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік.

Соған байланысты, мен елімізді жаңғырту жөнінде қажетті бағдарламалық бастамалар жасадым.

Олардың жүзеге асырылуы табысты дамуымыздың негізгі факторына айналды. 

Біздің стратегиялық мақсатымыз — 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын іске асыруды бастадық.

Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын жарияладық.

Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік.

Оның басты міндеті — Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру.

Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады.

Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз.

Құрметті отандастар!

Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түсті.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.

Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда.

Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде.

Қаржы жүйелерінің мүлде жаңа архитектурасы түзілуде.

Бұл орайда қор нарықтары кезекті қаржы дағдарысына алып келуі мүмкін жаңа «сабын көбігін» үрлеуде.

Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде.

Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы — адамның даму мәселесі болып отыр. 

Үкімет, әрбір мемлекеттік органның, мемлекеттік компанияның басшысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет.

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. 

Мен лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.

* * *

Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ

Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады.

Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз.

Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын.

Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.

Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. 

Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.

Осыған орай, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.

Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін.

Екіншіден, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек.

Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі.

БІРІНШІ. Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске қостық.

Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім.

Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет.

Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.

ЕКІНШІ. Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек. 

Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес.

Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр.

Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек.

Бұл — маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады.

ҮШІНШІ. Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын.

Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болуға тиіс Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет.

Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек.

Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн.

Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады.

Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.

Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс.

Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет.

Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс.

Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек.

Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет.

Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды.

Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. 

Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын.

Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек.

Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет.

Сондай-ақ, көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек.

Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс.

БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек.

Негізгі міндет — еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.

Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.

Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды — «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек.

Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн.

Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын. 

АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн.

Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет.

Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады.

Үкіметке Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырамын.

Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бірі бола алады.

ЖЕТІНШІ. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.

Бағаның өсуі, қаржыландыруға қолжетімділік, банктердің орнықтылығы — міне, осы мәселелер көбіне қазір жұрттың қызығушылығын тудырып отыр.

Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешуді бастауы керек.

Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды.

Сондай-ақ, зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, баламалы қаржы құралдарын — құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек.

Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс.

Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық.

Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек.

* * *

Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттырады.

Бұл үдерістер әрдайым Үкіметтің басты назарында болуға тиіс.

II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты — өмір сүру деңгейінің артуы.

Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты.

Осыған орай, Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тиіс.

БІРІНШІ. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет.

Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек.

ЕКІНШІ. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек.

Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.

Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.

Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет.

Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек.

ҮШІНШІ. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. 

Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады.

Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс.

Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды.

Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.

Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.

Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.

БЕСІНШІ. Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі.

Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді.

Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі — оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.

Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет.

Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды.

Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын.

АЛТЫНШЫ. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. 

Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын.

Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс.

Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек.

Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз.

ЖЕТІНШІ. Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет.

Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.

Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет.

СЕГІЗІНШІ. Ұлт саулығы — мемлекеттің басты басымдығы. Бұл — қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз.

Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ.

Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырамын.

Келесі жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс.

Оның қызметі, ең бастысы, азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады.

Бұл үшін заманауи зертханалық базаны қамтамасыз етіп, білікті мамандар штатын қалыптастыру қажет.

Бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институционалды тұрғыдан күшейтіп, оларды белсенді пайдаланған жөн.

Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз, бірақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы маңыздырақ.

Мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты.

Сондықтан, ұсынылатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі үшін бизнес қоғамдастығы да жауап береді.

Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бірлесіп азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы керек.

* * *

Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс.

III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Жайлылық дегеніміз — ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы.

БІРІНШІ. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй.

Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз.

Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды.

Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады.

Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет.

Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді.

ЕКІНШІ. Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет.

Бүгінде жетекші елдердің экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады.

Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан астамы қалаларда түзіледі.

Біздің өз тұрмыс салтымыз тарихи қалыптасты, моноқалалары мен шағын облыс орталықтары бар аграрлы экономика басымдыққа ие болды.

Сондықтан 18 миллион халқы бар ел үшін миллионнан астам тұрғыны бар 3 қаланың болуы, соның ішінде 2 қаланың тәуелсіз Қазақстан дәуірінде осы қатарға қосылуы — үлкен жетістік.

Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қазірдің өзінде қамтамасыз етіп отыр.

Бірақ, қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай бола бермейді.

Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық.

2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі.

Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн.

Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі арты: жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді.

Әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек.

Үкімет бұл міндетті жүйелі қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тізімін жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерін іздеп табуы қажет.

Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасаған жөн.

Сонымен қатар, «инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажет.

Бұл елді мекендерді ірілендіру ісін ынталандырып, бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігін арттыратын болады.

Әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс.

Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керек.

Бұл стандарт әлеуметтік игіліктер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізімі мен қолжетімділігінің, көлік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілудің нақты көрсеткіштерін және басқа да мәселелерді қамтуға тиіс.

Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс.

2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырамын.

Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

Өңірлік дамудың аталған аспектілері іске асырылу мерзімдері 2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларында ескерілуі керек.

Біріншісі көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіншісі — коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс.

Бұл бағдарламалардың «екінші тынысын» ашу керек.

ҮШІНШІ. Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет.

Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады.

Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүріеді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды.

Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр.

Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын.

Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиіс.

Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет.

Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн.

Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек.

Қызметкерлердің бәрі қайта аттестациялаудан өтуге тиіс. Тек үздіктері ғана қызметін жалғастырады.

Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн.

Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет.

Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек.

Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет.

Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек.

Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс.

ТӨРТІНШІ. Сот жүйесін одан әрі жаңғырту.

Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет — соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр.

Сонымен қатар, құқық үстемдігі — біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы.

Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн.

Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын іске қатысады.

Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады!

Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардың жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады.

Екіншіден, сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек.

Үшіншіден, әсіресе бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет.

Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын.

* * *

Кез келген реформаларды іске асыру барысында өзінің барлық іс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқаратын болады.

IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ

Жаңа кезең жағдайында мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс?

БІРІНШІ. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру.

«Сапа» — мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру — оның басты қағидаты болуға тиіс.

Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс.

Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі.

Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажет.

Үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маңызды. 

Биыл біз 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделін енгіздік.

Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.

Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары.

Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өсті.

Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды.

Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өсті.

Маңғыстау облысының әкімдігіндегі 1 бос орынға енді 16 адам, ал Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр.

Астанада мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобаларды қаржыландыруға қатысты жаңа тәсілдер есебінен ғана 30 миллиардтан астам теңге үнемделді.

Еңбекақы төлеудің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына «бюджеттік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құқық бердім.

Олар үнемделген қаражатты қызметшілердің жалақысын арттыруға бағыттау мүмкіндігін алды.

Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік органдар жаңа модельге көшуді қалап отыр.

Ең бастысы — олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі керек.

Еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тапсырамын.

Бұл жерде аталған жобаның беделін түсірмес үшін формализм мен теңгермешілікке жол бермеу қажет.

ЕКІНШІ. Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек.

Тексерістер нәтижелері айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетіледі.

Соңына дейін жеткізілмейтін немесе перспективасы жоқ екені әуел бастан белгілі болған жобалар бар.

Егер жүктелген іске жауапкершілік танытатын болсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болады.

Үкімет тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет.

ҮШІНШІ. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады.

Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн.

Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады.

Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр.

Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын.

Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек!

Бұл — бір ғана мысал.

Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек.

Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс.

Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек.

Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет.

Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс.

Үшіншіден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек.

ТӨРТІНШІ. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет.

Соңғы кездері Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы ұзақ отырыстар мен кеңестердің саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулі түрде көбейді.

Үкімет әкімдердің және олардың орынбасарларының қатысуымен күніне 7 кеңес өткізетін кездері де болады.

Олар қай кезде жұмыс істейді?

Мұны доғарып, бұл мәселені ретке келтіру керек.

Өздеріне нақты міндеттемелер алуға және солар үшін жария түрде есеп беруге тиіс министрлер мен әкімдерге шешім қабылдау еркіндігін ұсыну қажет.

Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының әзірленген көрсеткіштер картасы бұған негіз болуға тиіс.

БЕСІНШІ. Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет.

Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін дамудың аталған барлық мәселелерін қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзірлеуге тиіс, сондай-ақ реформаларды іске қосу үшін қажетті заң жобаларының бәрін Парламентке уақтылы енгізуі керек.

Өз кезегінде, Парламент оларды сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдауға тиіс.

Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын.

Бұл офис статистикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді.

Офис әрбір бағыт бойынша қалыптасқан жағдай жөнінде маған үнемі баяндап отырады.

Үкіметтің әрбір мүшесі, мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады.

V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет.

Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр.

Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып саналады.

Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардың белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеуде.

Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды.

Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келеді.

«Бір белдеу — бір жол» бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпін берді.

Менің қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз — Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз.

ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамып келеді.

Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді.

Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды.

Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді.

* * *

Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкен.

Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз.

VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ

Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс.

Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді.

Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет.

Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.

Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек.

Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын.

Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет.

Бұған арнайы «Ауыл — Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді.

Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек.

Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн.

«Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек.

Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр.

Бастамалардың қаржылық көлемі
1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. 

Бұл — ең сенімді әрі тиімді инвестиция.

Қымбатты қазақстандықтар!

Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы — Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты.

Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз.

Бұл — ең алдымен, ел ынтымағының арқасы.

«Ынтымақты елдің ырысы мол» дейді халқымыз.

Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес.

Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Мен әрбір жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін.

Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты — халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.

Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда.

Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады.

Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы 10 қаңтар

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.

Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде.

Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық.

Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық.

100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда.  

Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды.

Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда.

«Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды.

Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді.

Қажетті бағдарламалардың барлығы бар.

Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды.

Құрметті отандастар!

Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық.

2017 жылы біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды.

2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етудеміз.

Біз дүниежүзілік ЭКСПО мамандандырылған көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы бірінші мемлекет болдық.

Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты.

2017 жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті.

Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асты.

Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түсті.

Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді.

Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке дейін төмендеді.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім.

Дегенмен, Қазақстанның жетістіктері сенімді тірек саналады, бірақ ол ертеңгі табыстарымыздың кепілі емес екенін жақсы сезінуіміз керек.

«Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет.

Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс.

Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар.

Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін.

Бұл үшін мынадай міндеттерді шешуге жұмылуымыз керек.

БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды.

Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ.

Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс.

Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет.

Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс.

Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек.

Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді.

Ол біздің Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың төңірегінде қалыптасуға тиіс.

«Алатау» инновациялық технологиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарау қажет.

Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып саналады.

Бұл үшін тиісті заңнама қажет.

Бұдан бөлек, IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр.

Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады.

Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек.

Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады.

2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек.

ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.

ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады.

Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек.

Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет.

Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек.

Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті.

Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.

Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді.

Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық.  

Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді.

«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды.

Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек.

Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді.

ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік.

Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз.

Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет.

Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды.

Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс.

Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет.  

Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек.

Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс.

Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі.

Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады.

Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.

Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек.

Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс.

Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет.

Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек.

Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет.

5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.

Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді.

Бұл туралы көп айтылды.

Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады.

Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.

Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.

Жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет.

Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«Үлкен деректерді» (Big data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады.

Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет.

Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады.

Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек.

Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет.

Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек.

БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.

Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты.

Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде.

Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады.

Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек.

Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек.

Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет.

Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек.

Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады.

Заңнамаға, соның ішінде табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет.

Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек.

Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет.

АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».

Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет.

Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс.

Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс.

Ұлттық Банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек.

Әйтпесе, мұндай мемлекеттік органның не керегі бар?

Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс.

Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет.

Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын.

Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын.

Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс.

Инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады.

Бұл – жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі.

Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға табысты түрде шығару қор нарығын дамытуға септігін тигізеді.

ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі.

Білім берудің жаңа сапасы.

Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.

Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.

2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет.

Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.

Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар.

Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады.

Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет.

Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек.

Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.

Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады.

Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек.

Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек.

Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі.

Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде.

Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде.

Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған.

Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді.

Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр.

Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек.

Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді.

2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет.

Орыс тілін білу маңызды болып қала береді.

2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді.

2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады.

Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады.

Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады.

Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады.

Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады.

Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс.

Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет.

Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек.

«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет.

Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді.

Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс.

Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек.

Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады.

Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек.

Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек.

Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі.

Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет.

Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс.

Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек.

Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді.

Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек.

Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет.

Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек.

«Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында.

Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт.

Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады.

Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс.

Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек.

Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек.

Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет.

Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар.

Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек.

Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет.

Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек.

Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады.

Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды.

Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу талап етіледі.

Мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет.

Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады.

Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет.

Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады.

Бүгінде бізде Назарбаев Университетінің бірегей Медицина мектебі бар. Онда біріктірілген университет клиникасы жұмыс істейді.

Бұл тәжірибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таратылуға тиіс.

Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет.

Сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесі.

Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор.

Барлық негізгі мамандық бойынша  заманауи стандарттар әзірлеу қажет.

Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді.

Кәсіби стандарттардың талаптарын ескеріп, білім берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажет немесе қазіргі бағдарламаларды жаңарту керек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады.

Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды.

Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет.

Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс.

Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс.

Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады.

Еңбек кітапшаларын да электрондық форматқа көшірген жөн.

Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау қажет.

Әлеуметтік саясат азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.

Қазір зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған.

Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады.

Осыған орай, барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруі керек.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілетін болады.

Біз 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік.

Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 процентінен 50 процентіне дейін көтерілді.

Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады.

Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі.

Қымбатты қазақстандықтар!

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды.

2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін еске салғым келеді.

Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ынтымақты зейнетақы 32 процентке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 процентке өсті.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 процентке дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 процентке дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 процентке дейін, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 процентке, стипендиялар 25 процентке өсті.

Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнің санаулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын осылай арттыра алды.

Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты.

Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты.

Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады.

Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын.

Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады.

2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады.

Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын.

Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары.

Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады.

Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын.

Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек.

Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады.

Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі.

Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.

СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару.

Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет.

Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек.

«Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек.

Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ескеріп, негізделген тарифтерді белгілеу маңызды.

Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде.

Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс.

Мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет.

Әкімшілік шығындарды азайту үшін  ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек.

Босаған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттау қажет.

Бұл орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескерілетін болады.

Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыруды тапсырамын

Өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашу керек.

Жалпы алғанда, өңірлік саясат өңірлердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс.

Атап айтқанда, бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады.

Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек.

Фискальды орталықсыздандыру аясында шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру мәселесін шешу керек.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген.

2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді.

Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді.

Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс.

Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек.  

Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді.

Осы және өзге де шаралар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.

Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді.

Көп жұмыс істеліп жатыр.

Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды.

Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.

Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады.

Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс.

Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда.

Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді.  

Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді.

Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.   

Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет.  

Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек. 

ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.

2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл.

Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз.

Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады.

«Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет.

Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты.

Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды.

Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек. 

«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады.

Міне, алдымызда тұрған 10 міндет осы. Бұлар – түсінікті әрі айқын.

Қымбатты қазақстандықтар!

Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік.

Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді.

Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты  нақтылай түсті.

Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық.

Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады.

Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар. «Қазақстанның үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» ZIP (30 Kb)

Басқару жүйесi жаңғырды

Қазақстан Республикасы Президентi Н. Назарбаев билiк тармақтары арасында өкiлеттiлiктердi қайта бөлу жөнiнде отандық телеарнадан тiкелей эфирден үндеуiн тыңдап, жаңа басым бағыттардың орындалуына пiкiр бiлдiргендi жөн санадым.

ХХI ғасыр дамыған дәуiр. Заман ағымымен бiз де көштен қалмауымыз шарт.

Қазақ елiнiң Тұңғыш Президентi Н. Назарбаев үндеуiнде Конституция мен заңдарға бiршама өзгерiстер енгiзу қажеттiгiн, билiк тармақтарының өкiлеттiлiктерiн қайта бөлу мiндетi жүзеге асырылатындығын алға тартты. «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демекшi, мемлекеттiң басқару жүйесiн жаңғыртуда Президенттiң әлеуметтiк — экономикалық реттеуде өкiлеттiлiктердi Үкiмет, министрлiктер мен әкiмдiктер саласына берiлетiндiгiн баса айтты. Жүктелген жауапкершiлiктi толықтай атқару атқарушы органдардың әлеуетiн арттырмақ. Билiк арасындағы тығыз қарым — қатынас жұмыстары күрделi мәселелердi бiрлесiп шешу тиiмдiлiгi артады. Реформаның шеңберiнде Үкiметтi жасақтаудағы Парламенттiң өкiлеттiлiгiн көтеруде басты проблемалар шешiмiн таппақ.

Атқарушы органдардың билiк өкiлеттiлiгiн арттыру көптеген жұмыстардың уақытылы жүзеге асырылуына мүмкiндiк тудыратынын зор сенiммен айта аламын. Елбасының бұл шешiмiн қазақстандықтар болып қолдаймыз.

А. Әбiлғазин,
Аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы

Өкiлеттiлiктiң рөлiн күшейту…

25 қантарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуiнде Қазақстанда Үкiметтi жасақтауда Парламенттiң рөлi күшейтiлетiнiн мәлiмдедi. Қазақстандықтар үшiн маңызы бар Елбасының Үндеуiн телеарнадан толық нұсқасын тыңдап шықтым. Елбасының дер кезде қабылдаған сарабдал саясаты көңiлге өте қонымды. Алмағайып уақытта бiр орында тұрып қалуға болмайды. Көш заман талабымен iлесе өмiр сүру керек. Сонда ғана биiк шыңдарды бағындырамыз. Ал Қазақстан сол мүмкiндiктердi толық қамтамасыз қолға алуда.

Айта кетейiк, Тұңғыш Президентiмiз Н. Назарбаев өзiнiң үндеуiнде Президенттiң әлеуметтiк-экономикалық жұмыс үдерiсiн реттеудегi бiршама өкiлеттiктерiн Үкiметке және басқа да атқарушы органдарға беретiнiн айтты. Мемлекет басшысы бұл салаға Үкiмет, министрлiктер және әкiмдiктер толықтай жауап беретiн болады деп отыр. Өкiлеттiктердi беру тиiстi Заңдарды өзгерту арқылы iске асады. Мемлекет басшысы билiк тармақтарын үлестiру барысында 40-қа тарта Президенттiк құзыреттiң Парламентке және Үкiметке берiлетiнiн мәлiмдедi. Нұрсұлтан Әбiшұлы реформа екi бағыт бойынша iске асырылатындығын қадап айтты. Үндеудiң басым бағыты жауапкершiлiк қайраткерлiгiн арттыру арқылы дамушы өркениеттi елдердiң алдыңғы қатарынан көрiнуге зор ықпал ететiнiне зор сенiмдiмiн және де батыл қадамды қолдаймын.

И. Рахметов,
«Ауыл арайы» газетiнiң журналистi

Жамбыл ауданында 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты жолдауын жүзеге асыру барысында ақпараттық сүйемелдеу бойынша iс шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат

Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын Жамбыл ауданында насихаттау жөнiндегi жұмыс бекiтiлген iс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды.

Аудандық деңгейiнде бекiтiлдi:

  • Жолдауды iске асыруды ақпараттық сүйемелдеу жөнiндегi iс-шаралар жоспары;
  • Бiрыңғай ақпараттық күн жоспары;
  • Жергiлiктi атқарушы орган басшылары және қоғамдық пiкiр көшбасшыларының БАҚ-да сөз сөйлеулер медиа-жоспары.

30 қараша күнi барлық жерде Мемлекет басшысының Жолдауының «тiкелей трансляция» ұжымдық көрсетiлiмдер ұйымдастырылды. Халықтың әртүрлi санаттарының ой-пiкiрлерi жинақталып облыстық және аудандық БАҚ-та жарияланды.

Аудан бойынша Мемлекет басшысының Жолдауын түсiндiру жөнiндегi жұмысты 36 адамнан тұратын ақпараттық-насихатау тобы жүргiзедi. Насихаттаушылардың қатарына: аудандық атқарушы органдардың және ұйымдарының басшылары, селолық округ әкiмдерi, мәслихат депутаттары, кiредi.

Айсайын ақпараттық-насихаттау топтарға әдiстемелiк құралдар берiледi. Жыл басынан бастап АНТ мүшелерiмен 89 кездесу өткiзiлiп 1750 адам қатысты.

Еңбек ұжымдарында денсаулық сақтау, бiлiм, кәсiпкерлiк ұйымдары өкiлдерiмен, жастармен, зейнеткерлермен және басқа да азаматтар категорияларымен кездесулер өткiзiлдi.

2015 жылдың 4 желтоқсан күнi аудандық мәдениет Үйiнде аудан Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауының басты бағыттары бойынша жиналыс өткiзiлдi. Бұл активке мәслихат депутаттары, жергiлiктi атқарушы органдардың басшылары, этно-мәдени орталықтарының, ауданның кәсiпорындары мен ұйымдарының өкiлдерi қатысты.

Аудандық Медиа-жоспар аясында жергiлiктi атқарушы және аумақтық органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлерi, кәсiпкерлер, шығармашылық зиялық қауым және жастар арасынан сөз сөйлеулерi ұйымдастырылды. Жолдау бойынша анықтамалық және әдiстемелiк материалдар аудандық БАҚ тұрақты түрде берiледi. «Ауыл арайы» және «Сельская новь» газеттерiнде Жолдау бағытымен–рубрикасы ашылды. Жолдаудың шығу кезiнен бастап аудандық газет беттерiнде жолдау бағыты бойынша 58 материал орналастырылды. Жолдау бойынша модуль және инфография аудан газеттерiнiң беттерiнде тұрақты түрде басылып шығарылады.

Жергiлiктi мемлекеттiк органдардың ресми интернет-ресурстарынан Жолдау мәтiнiн табуға болады, сонымен қатар аудан әкiмiнiң ресми интернет-ресурсында Жолдауды жүзеге асыру туралы арнайы рубрика жұмыс iстейдi.

Жергiлiктi атқарушы және аймақтық органдар, сонымен қатар бiлiм беру мекемелерi, селолық округ әкiмi аппараттары, үкiметтiк емес ұйымдар арасында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жолдау мәтiнiмен кiтапшалар таралады.

Жолдауды жүзеге асыру бойынша ауданда 3 баннер орналастырылған (Архангелка с. — 2, Святодуховка с. — 1). Аудан ұйымдарында Жолдауды түсiндiру бойынша стендтер бар.

Барлық мемлекеттiк органдардың және жалпы қоғамның Мемлекет басшысының қойған стратегиялық тапсырмаларын iске асыруға бағытталған жұмыстары жалғасуда.

Iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы
К. Бекпаева

Елбасының халыққа жолдауында маған ұнағаны 2017 жылдан бастап тегiн кәсiби-техникалық бiлiм беру жобасы басталатынын жариялағаны. Елбасының айтуынша, жобаға сәйкес, мемлекет әрбiр адамға жеке мамандық берудi қолға алатын болады. «Мектептi бiтiрген жас азамат бiрiншi мамандығын тегiн алатын болады. Бiз осыдан бастайтын боламыз. Үкiмет осыған кiрiсуi керек. Қазақстанның жас азаматтары бiлiмдi, еңбекқор, бастамашыл болуы тиiс. Жұмыс пен сұранысы бар өңiрге батылдықпен барулары керек. Егер шеберлiктiң шыңына жете бiлсеңiздер — мамандықтың бәрi жақсы. Қазiр техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күнi туған заман. Ерiнбей еңбек еткен адамның өмiр сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгiнгi жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы — жастар болашағы үшiн», — дедi Н. Назарбаев.

Кәсiпкер Ануар Болтаев,
Преснов селосы

Қазақстан Республикасының Президентi Н. Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалды: өсiм, реформалар, даму» Жолдауына пiкiр.

Елбасы айтқандай, әлемдiк қоғамдастықтың бiр мүшесi болғандықтан, дүниежүзiлiк дағдарыстан айналып кете алмайтынымыз анық.

Осындай кез — нағыз бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, бiрлiктiң маңызын түйсiне түсетiн кез. Бiз бiрлiктiң маңызын тек айтып қана қоймай, ол белгiлi бiр шаралармен астасуы керек. Тәуелсiз Қазақстан талай сынақты бастан кешiрдi. Талай дағдарысты бастан өткердi. Саяси қыспақтар да болмады емес, болды. Соның барлығында Елбасы өзiнiң саяси даналығымен, көрегендiгiмен алып шыққан.

Елбасымыз Жолдауында әдеттегiдей әлеуметтiк салаға айрықша көңiл бөлдi. Соның iшiнде студенттердiң стипендиясы, денсаулық, бiлiм,әлеуметтiк қорғау және «Б» корпусындағы мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбек ақысы,мүгедектiкке және асыраушысынан айрылғандарға төленетiн жәрдемақылардың өсетiндiгi атап айтылды.

Ал ең бастысы жаңа әлеуметтiк саясаттың құрылуы елiмiздiң рухын көтередi.

Жұмыс мамандарын игерту мақсатымен тегiн кәсiби даярлық бағдарламасының жариялануы ұстаздарды қуантады.

Өйткенi елiмiзде әрi қарай Қазақстан тауарлары өндiрiсiнiң дамуы көзделiп отыр. Бұл жоспар 30 елдiң қатарына кiру мақсатымызға жаңа серпiн беретiнi сөзсiз.

«Бiрiмiз бәрiмiз үшiн, бәрiмiз бiрiмiз үшiн» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиiспiз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейiмделген жоспар болып саналады. Бiз де заманның беталысына қарай, межелерiмiздi белгiлеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет. Бiздiң мақсатымыз — елi бақытты, жерi гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгiлiк Ел ету», — дедi Н. Назарбаев.

«Жамбыл ауданынын бiлiм бөлiмi» ММ басшысы
Нәзира Абдрахманова

Жамбыл ауданында 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол — Путь в будущее» атты жолдауын жүзеге асыру барысында ақпараттық сүйемелдеу бойынша iс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат (01.11.2015 ж.) Zip (12 Kb)

Жамбыл ауданында 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол — Путь в будущее» атты жолдауын жүзеге асыру барысында ақпараттық сүйемелдеу бойынша iс шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат Zip (12 Kb)

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауын түсiндiру бойынша ақпараттық жұмысының барысы туралы анықтама (Zip 5 Kb)

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру барысын Жамбыл ауданында ақпараттық сүйемелдеу жөнiндегi iс-шаралар жоспары (iске асыру мерзiмi: 2015 жыл) (Zip 15 Kb)

Қазақстан халқына Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың жылсайынғы Жолдауын насихаттау және түсiндiру бойынша ақпараттық-түсiндiру жұмысының барысы туралы ақпарат (Zip 6 Kb)

Болашаққа «Нұрлы жолмен» бiрге

«Нұрлы Жол», мiне, бiздiң креативтi ырғақты жастарымыздың күш-жiгер жұмсап, құлаш сермейтiн тұсы осы!»

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында елiмiз үшiн еңбек етiп, келешегiмiздiң баянды, жарқын жолында тер төгiп, ел игiлiгi үшiн еңбек етуге шақырды. Елiмiздегi тұрақтылық пен келiсiмнiң негiзiнде бүгiнде бiздiң елiмiз қарыштап дамуда. Халқымыздың бiрлiгi — мемлекетiмiз Қазақ елiнiң тұрақты дамуының кепiлi. Биылғы Жолдау-қазақстандықтардың ертеңгi күнге деген сенiмiн айқындайтын маңызды стратегиялық даму құжаты болып табылатыны сөзсiз. «Нұрлы жол» — Жаңа экономикалық саясаты — әлемнiң ең дамыған 30 елiнiң қатарына бару жолындағы бiздiң ауқымды қадамымыз, — дедi Елбасы.

Жамбыл орта мектебiнiң ұжымы Жолдауды қолдау мақсатында «Нұрлы жол — болашаққа қадам» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Ұстаздар қауымы маңызды құжатты қолдайтындарын айтты.

Президентiмiз Н.Ә. Назарбаев «Мектепке дейiнгi мекемелерде орын тапшылығын түбегейлi қысқарту үшiн 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын», — дегенi, барлық ата-аналар мен балалар үшiн қуанышты жағдай болды. Дөңгелек үстелде сөз алған тарих пәнiнiң мұғалiмi О. Карбозов «2015 жыл-ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгiнгi биiктерiмiздi бағалау тұрғысынан мерейлi белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығын атап өтемiз. Осынау тарихи белестер Қазақстандық Патриотизмдi ұрпақ жадына сiңiруде айрықша рөлге ие. Бiз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияладық. Елдiң тұтастығы мен бiрлiгi, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда», — делiнген Жолдауда. «Елбасы Жолдауын Қазақстан халқы қолдайтынына сенiмдiмiн.Бiздiң болашағымыз жарқын, мақсатымыз ортақ» деп өз пiкiрiн түйiндедi.

Қазақстандықтардың болашақта әл-ауқатын арттыру мақсатында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының маңыздылығы зор. Мемлекет басшысын биылғы Жолдауы елiмiздiң дамуына серпiлiс беретiн үлкен сара жол деп бiлемiз. Жолдаудағы әрбiр қадам, әрбiр iс тек өркендеудiң үлгiсi болмақ. Елiмiздiң дамуы-Қазақстан халқының жұмыла бiрiгуiнiң негiзiнде жүзеге асады. Ынтымақ, бiрлiк, келiсiм-ең асыл зат бiз үшiн. «Нұрлы жолдағы» — қазақстандықтардың болашағы жарқын, сапарлары сәттi болсын. Бiздегi тiлек осы!

Мағжан Жолтаев,
Жамбыл орта мектебiнiң мұғалiмi
Жолдау бағытымен

Алда — үлкен мақсаттар

Жолдаудың «Нұрлы Жол» деген атауының өзi менi қатты сүйсiнттi. Бұл бiздiң елдi нұрлы болашаққа бастайтын құжат деп қабылдауымызға болатын сияқты. Менiңше, Президент халыққа өте қажеттi жолды нұсқағандай әсер алдым. Бүгiнгi күнi бүкiл әлем дағдарыстан арылмай тұр, оның үстiне геосаяси тұрғыдан күрделi жағдайға ұрынып қалды. Осындай жағдайда Елбасының дұрыс жол тауып, халықты жақсылыққа бастауы осы жол болар деген ой келдi.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлының Назарбаевтың сыңдарлы саясатының арқасында тағдырдың талай сындарлы сәттерiнен өтiп, тәуелсiздiк жолында нық қадамдар жасадық. Аз жыл аясында қазақ елiн жер жаһанға танытқан Президент келер жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөнiнде тапсырма берiп, оның тұжырымдамасы бекiтiлдi. Арнайы Үкiметтiк комиссия құрылып, жер-жерде өтетiн iс-шаралар нақтыланды. Сонымен бiрге, 2015 жыл — Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланды. Тәуелсiз елiмiз барлық ұлт пен ұлыстың бейбiтшiлiк ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгiсiн жасай бiлдi. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың қайраткерлiгi арқасында Қазақстанда этносаралық жанжал мен қоғамның бөлiнуiне жол берiлген жоқ. Сондай-ақ, ендiгi жылдың еншiсiнде Ата заң — Конституциямыздың 20 жылдығы мен Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы да ауқымды түрде аталып өтiлмек. Бұл шаралар барлығымыз үшiн маңызды. Президенттiң биылғы Жолдауындағы жаңа бастамаларды iске асыру жолында баршамыз күш-жiгерiмiздi аямай, қолымыздан келгенше еңбек ету — азаматтық парызымыз. Сондықтан, Жолдауда көрсетiлген мiндеттердi жүзеге асыруда баршаңыз жұдырықтай жұмылып, белсендiлiкпен, бiрлесiп ауданның қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтауға атсалысайық. Мемлекет басшысы айтқандай: «Бiз Жалпыұлттық идеямыз — Мәңгiлiк Елдi» басты бағдар етiп, тәуелсiздiгiмiздiң даму даңғылын Нұрлы жолға айналдырдық. Қажырлы еңбектi қажет ететiн, келешегi кемел Нұрлы жолда бiрлiгiмiздi бекемдеп, аянбай тер төгуiмiз керек. Mәңгiлiк Ел — елдiң бiрiктiрушi күшi, ешқашан таусылмас қуат көзi». Әрбiр идеядан елiмiздiң жарқын болашағы жолында тың жобалар жүзеге асырылатынына сенiм мол. Мәңгiлiк Ел идеясын одан әрi дамытуды, Нұрлы жол жаңа экономикалық саясатын ұсынған биылғы Жолдау елiмiздiң жарқын болашағына жол сiлтейдi. Онда айтылған әрбiр бағыт-бағдар мен мiндеттердiң ел өмiрi үшiн маңызы зор. Сондықтан, Ұлт көшбасшысы идеясының аясына бiрiгiп, ол жүктеген тарихи мiндеттердi жұмыла жүзеге асыруымыз қажет. Өйткенi, Жолдау бәрiмiзге үлкен мiндеттер жүктеп отыр.

Ерлан Мүсетаев,
аудандық орталық аурухананың бас дәрiгерi,
облыс мәслихатының депутаты

Бүкiл дүние сұрауы көп, жауабы аз күрделi кезеңде тұр. Батыс та, Шығыс та шешiмiн күткен мәселелердiң күрмеуiн шешуi тиiс. Қаржылық қиындықтар өз алдына, саяси және геосаяси жағдай ушығып тұрған, әрбiр ел өзiнiң iшкi тұтастығын сақтап қалғысы келетiн қазiргi кезде кiм-кiм де өзiнiң бары мен жоғын түгендейдi. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы дәл сондай тарихи күрделi кезеңде жарияланып отыр. Мұны әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайлардың барлық сұрақтарына жауап iздей отырып, күрделi кезеңнен елдi аман-есен алып шығудың алғышарттарын қарастырған Жолдау десек, жарасады. Салтанатынан гөрi нақтылығы басым құжатта, әсiресе, халықтың алдында осыдан 2,5 жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасында берiлген әлеуметтiк мәселелердi шешу және халықтың тұрмыстық деңгейiн арттыруға қатысты уәделер орындалуы керектiгi басы ашып айтылған.

Қазiргi жаһандану жағдайында Қазақстанды әлемнен бөлiп алып қарай алмаймыз. Дегенмен, Қазақстан өзiн-өзi қорғау менталитетi деңгейiне жеткен ел ретiнде танылып келедi. Соның ең басты нышаны бiрнеше жыл бұрын осындай қаржы қиындықтарының қарсаңында Елбасы Ұлттық қор құру туралы тапсырма бердi. Қазiргi мұнайдың бағасы төмендеп, халықаралық нарықтың жағдайы алашұбар болып жатқан кезеңде iшкi экономикалық тұтастығымызды, саяси-әлеуметтiк жағдайларымызды сақтап қалуға бiрден-бiр мүмкiндiк беретiн осы Ұлттық қордың қаржысы.

Ендi қордағы қаржыны негiзге ала отырып, елдi еңбекпен қамтамасыз ету, байтақ елiмiздiң iшкi байланысын арттыру қажет. Өсiп, өнген елдерде жол мәселесi шешiмiн тапқан. Қалаларымыздың инфрақұрылымдарын қалпына келтiру керек. Бәрi айналып келгенде елдiң әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге саяды. Осылайша, бiрiншi кезекте, Ұлттық қордың арқасында үлкен экономикалық бiртұтас саясат жүзеге аса бастамақ. Екiншiден, iшкi бiрлiгiмiз бен ынтымағымызды сақтап қалуға жұмыс iстеу керек. Ел алдында берген уәденi орындау, халықтың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы туындайтын сұрақтарды мейлiнше азайту парыз.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезектi Жолдауы нақты iстерге негiзделгенiмен құнды.

Асқар Сұрағанов,
аудан мәслихатының депутаты

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол — болашаққа бастар жол» Жолдауын тыңдап, әсерде болдым. Жолдау нағыз уақыт рухын сезiндiрдi, бүгiнгi күннiң әрқайсымызды толғандырған мәселелерiн алдымызға алып шықты.

Соңғы уақыттардағы әлемдiк экономикалық ахуал, геосаяси дағдарыстар, шикiзат ресурстарына әлемдiк нарықтағы бағаның төмендеуi жаңа сынақтар мен жаңа экономикалық талаптармен беттестiрiп отыр.

Күнi кешегi Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы әлемдiк экономикалық ахуалдан туған азаматтарымыздың көкейлерiндегi сұрақтарға нақты жауап болды. Президент алдағы жылдарды жан-жақты экономикалық сараптай отырып, негiзгi бағыттарды айқындап, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады.

Экономикалық сыни кезеңдерде банк секторына үнемi Мемлекеттiк қолдау көрсетiлiп келедi. Сондықтан да болар, Мемлекет Басшысы шағын және орта бизнестi экономикамыздың күретамырына айналдыру мақсатындағы жұмыстарға жаңа қарқын бере отырып, кәсiпкерлiктi жеңiлдiкпен несиелеу қажеттiлiгi баса айтылды.

Көлiктiк-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытудың кешендi жоспары, индустриялық және энерегрикалық инфрақұрылымдарды дамытудағы мақсаттарымыз экономикамызлық қана емес сонымен қатар әлеуметтiк те жаңа серпiн берерi сөзсiз.

Әлеуметтiк инфрақұрылым, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, баспана мәселесi және оның қатардағы азаматтарымызға, әсiресе жастарымызға қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз етуге байланысты Елбасы талаптарын ерекше жауапкершiлiкпен және толық орындалуы керек. Бiз өз кезегiмiзде дайынбыз.

Президенттiң 11 қарашадағы Жолдауы қаншалықты қарқынды және күтпеген жерден болса, атқарылатын жұмыстардың соншалықты маңыздылығын және аса жауапкершiлiкпен, жылдам, нәтижелi орындалуы керектiгiн көрсетiп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгiлiк Ел» жалпыұлттық идеясы да елiмiзге деген әр қазақстандықтың патриотизмiнен бастау алады. Елдiң болашағы жастарды елге, жерге деген сүйiспеншiлiкпен тәрбиелеуiмiз қажет.

Нұржан Тұрсынбаев,
Жамбыл селолық округiнiң әкiмi

11 қарашада Елбасы Н.Назарбаев Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кеңейтiлген Саяси кеңес отырысына қатысып, «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауын арнады.

Елбасы Жолдауында шағын және орта бизнестi, сондай-ақ, iрi кәсiпкерлiктi жеңiлдiкпен несиелендiру, банк секторын сауықтыру мен жаңа инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасауға, елiмiзде өтетiн ЭКСПО-2017 кешенi құрылысын жалғастыруға және көлiктiк инфрақұрылымдарды дамыту көзделiп отыр. Әсiресе, алдағы уақытта көлiк-логистикалық, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымдарын дамытып, жаңғырту мен тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту, әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңiл бөлiнiп отыр.

Айналып келгенде, мұның барлығы ел экономикасын көтеруге және ондағы халықтың әлеуметтiк-тұрмыстық ахуалын жақсартуға жол ашады.

Елiмiздiң дамуы үшiн аса маңызды мәселе, Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын жерүстi халықаралық дәлiздерiне белсендi қатысуы болып табылады. Бұл тек қана, өнiмдерiмiздi халықаралық нарықтарға тиiмдi жеткiзу емес, сонымен қатар транзиттiк тасымалдаудан түсетiн төлемдердiң ел пайдасына түсетiндiгiнде.

Елбасы Жолдауы әрқашан елiмiз үшiн маңызды мәселелердi қамтып келедi. Осы жылғы Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғаныменен, Президентiмiз елiмiздiң рухани-мәдени мәселелерiн де атап айтып, «Мәңгiлiк ел» идеясының қазақстандықтар үшiн маңызын толығымен түсiндiрiп өттi. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығы өтетiндiгi барша қазақстандықтар үшiн аса маңызды iс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ, осы 2015 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңiстiң 70-жылдығы атап өтетiндiгiн айтты.

Бұл Жолдау Қазақстанның болашаққа қарай дамуына даңғыл жол ашары анық. Сондықтан да ендi бiздер, Мемлекет басшысы айтқандай, бiрлiгiмiздi сақтай отырып, бiлек сыбана жұмыс iстеуiмiз қажет. Сонда ғана алға қойған мақсаттарымызға кәмiл жетерiмiз анық.

Қ. Исқақов,
қорғаныс iстерi жөнiндегi бөлiмнiң бастығы

Президент Жолдауын жүзеге асыру

Қазақстан халқына Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың жылсайынғы Жолдауын насихаттау және түсiндiру бойынша ақпараттық-түсiндiру жұмысының барысы туралы ақпарат

Аудандығы қоғамдық-саяси жағдайға идеологиялық негiзгi ықпал жасау Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы болды. Ауданда ақпараттық науқанды 14 ақпараттық-насихатау тобы жүргiзедi, оның iшiнде 1 аудандық және 13 селолық ақпараттық-насихаттау топтары. Топтардағы жалпы адам саны — 71 адам.

2014 жылы 10 ай iшiнде ақпараттық-насихатау тобының мүшелерi 241 халықпен кездесу, 6495 адам қатысуымен өткiздi. Соның iшiнде:

  • облыстық АНТ мүшелерi 25 кездесу өткiзiп 1300 адам қатысты;
  • аудандық АНТ мүшелерi 69 кездесу өткiзiп 2432 адам қатысты;
  • селолық АНТ мүшелерi 127 кездесу өткiзiп 2085 адам қатысты.

Жолдаудын шыққанан берi аудандық БАҚта және облыстық газеттерде ҚР Президентi Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы туралы жазба пiкiр және лебiздер жарияланды. Облыстық телеарнасында аудандағы мемлекеттiк бақдарламаларды iске асыру туралы 7 сюжет шығарылды.

2014 жылы 22 қантарда Преснов селосындағы мәдениет үйiнде 2014 жылғы қаңтардың 17-i Қазақстан Республикасының Президентi — Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан жолы-2050: Бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» Жолдауын талқылауға арналған аудан активiнiң жиналысы өттi. Жиналысқа 320 адам қатысты. Ақпараттық-насихаттау топтарына көмек ретiнде Жолдаудың мәтiнiмен тиражы әдiстеме кiтапшалар таратылды, және АНТ-ың мүшелерiне айсайын ақпараттық материалдар берiледi.

Жолдау шыққалы 29 жиналыста 1257 адам, 20 дөңгелек үстелтерде 1083 адам, 1 жиналыста 82 адамның қатысуымен iс-шаралар өткiзiлдi

Аудандық БАҚ құралдарында 187-тен астам аналитикалық мәлiмет жарияланды, соның iшiнде кең ауқымды тақырыптар: ҚР Президентiнiң мемлекеттiк саясатының түсiндiру және айқындау, әкiмнiң қызметi, жергiлiктi атқарушы органдарының жұмысы, кәсiпкерлiктi қолдау, салауатты өмiр салтын насихаттау, спорт мәдениет, ұлтаралық келiсiм, патриоттық сезiмiн ояту және т.б.

Жолдау бағытында ауданда 17 баннер, 2 перетяг және 110 стенд орналастырған.

Iшкi саясат бөлiмiнiң
басшысы Қ. Бекпаева

Биылғы Президентiмiздiң халыққа жолдауы «Қазақстандық жол-2050: Бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекетiң жаңа саяси бағытты жолдауына сүйене жазылған. Елбасымыздың халыққа жолдауы халқымыздың тiршiлiк шеңберiн кең ауқымды қамтылған.

Елбасы жастарға көп көңiл бөлуде мысалға: жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесi, мемлекеттiк тiлдi оқу, мәдени салт-дәстүрмен алмасу т.б. Қазақстан жастары мемлектiмiздiң қозғалысының жаңа курсы болу керек және елбасы белгiлегендей бұл Стратегия — жастарға арналған. Елбасымыз айтқандай: «Елiмiздiң тағдырың бүкiл халық болып құрындар!» Ендiгi кезекте бiзге бұл жолдаудың жемiс корiп тек сәттiлiк тiлеп, оз жұмысымызға қосу ғана қалды.

Шумеков Э.С. — Жамбыл ауданы
жастар бастамалары орталығының
талдаушы-консультант

Өзiнiң үндеуiнде Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан 2050 жолында: бiр мақсат, бiр қызығушылық, бiр болашақ» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттiмiздiң негiзгi жұмыс формасы қазақстанның шағын және орта бизнесiнiң дамуының басты мақсаты үшiн қолайлы жағдай жасау.

Елбасы айтқандай «Басты шара шағын бизнестiң дамуы бойынша оның болашақта қоршаған ортаға ауысуы. Орта және шағын бизнес бiздiң үлкен серiктестiктерде және жаңа инновациялық кәсiпкерлiктер айналасында дамуы керек». Жәнеде Елбасы айтқндай шағын және орта бизнестiң экономикадағы рөлiн әрекеттендiру, ШОБ елдер эконмикасының 50%-ға дейiн жеткiзуге қатысқан үшiн, сондықтанда кәсiпкерлердiң жұмыс шартары жеңiлдендi.

Үкiметке Халықтық кәсiпкерлiк палатамен бiрiгiп бастауыш кәсiпкерлерге тиiмдi механизмдiк әдiстемелiк көмек көрсету ұсынылған. Сондықтан бастауыш кәсiпкерлердiң өздерiнiң қойған мақсаттары мен тапсырмаларына үлкен мүмкiндiк туды.

В.И. Каторженко — «Жамбыл
ауданының кәсiпкерлiк бөлiмi»
ММ басшысы

Мақаланы құрған күні 27.02.2018 09:59

Мақаланы жаңартқан күні 04.09.2023 14:23

coronavirusАкорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Премьер ӘділетОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиegovruh.kz