Халық депутаттары қалалық Кеңесі атқару комитетінің 19-шы ақпан 1991 жылы №136«Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында ұлттық фольклорлық — этнографиялық көктемгі Наурыз мерекесін өткізу туралы»шешімі бойынша Атырау қаласы қызу дайындыққа көшті.
Наурыз жаңа тіршілік, жаңа өмір басы ретінде сан ғасырдан бері тойланып келіп, 1926 жылы тоқтатылған. 1988 жылы қайта жаңғыртылып, халқымыз жоғалтып табылған маржанындай қабылдап, құшақ жая қарсы алды.
1991 жылдың 22-ші наурыз күні қала мен даланы думанды тойға, дүрмек шаттыққа бөлеген Наурыз мерекесі алғаш рет қалалармен өңірлерде үлкен дайындықпен өте бастады.
Облыс орталығы Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласы ерекше көрікке бөленіп, көшелер ұлттық нақыштарға безендіріліп, Әз-Наурызға арналған нақыл сөздер ілініп, әр жерден ән шалқып, күй төгілді. Соның бір көрінісі Театр алаңында (қазіргі облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры) киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, дәстүрлі әндер орындалып, айнала думанға бөленді. Наурыз тойы аталып өтіп жатқан жерлерде ұлттық тағамдар мен бұйымдар сатылып, келуші көпшілік мерекелік көңіл күйде болды. Театр алаңындағы мерекелік салтанатты Гурьев қалалық Совет атқару комитетінің төрағасы Нұрпейіс Мақашев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Бұдан кейін Гурьев тұрғындарының өмірінде тұңғыш рет қала имамы Абай Зарипов пен оның көмекшісі Ғарифолла Ибрагимов Наурыз күнімен құттықтап, ақ батасын берді. Халық алдына қолдарына бауырсақ, кәмпит толы табақшалары бар бойжеткендер шашу шашты. Бір топ жастар «Наурыз» әнін сазына билеп, аздан соң «Ақ жаулықты әжелер» конкурсы басталды. Олардың арасынан ұршық иіріп, жүн шүйкелеуден Шархат Бердіғалиева апай алдына жан салмаған. Ол ұршық иіруден, Зеріп Ботабаева ұлттық костюм байқауынан жүлдегер болды. Қонақтарды қаладағы корей халқы орталығының өкілі С. Шим құттықтап өз тілінде ән салып берген. Қала мекемелерінің шеруін Гурьев педагогикалық институттың ұжымы жалғастырды. Термешілер Қажымұқан Түсекенов пен Нұржамал Құспанова «Наурыз келді, жараңдар!» деген термені әдемі шырқап берді. Бұдан кейін ақын Қадір Жүсіп «Келдің бе, Наурыз жылым» деген өлеңін оқыды.
Сол уақытта төгілген әндер, дөңгеленген билер көп болды. Мұнайшылар Мәдениет үйінің өнерпаздары А. Зацепиннің «Көктем вальсі» әнін шырқап болып сап түзеп еді, біздің сол кездегі жерлес фототілшіміз Алпамыс Теміров оларды суретке түсірді. Сонымен қатар сол кездегі Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитеті мен Халық депутаттары облыстық Советінің Атырау газетінің арнаулы тілшілері Мұқан Көптілеуов (марқұм), Жұмабай Төлеген (марқұм), Лиза Сейтімова Атырау жерінде наурыз тойының қалай тойланғандығы жөнінде жазған мақалалары әлі күнге шейін архив қорларында сақтаулы.
Қаралым саны: 182